Created: 18 Маусым 2020
115

АИТВ жұқтырған адамдар өміріндегі дәрігердің рөлі

Маусымның үшінші жексенбісі -  

медицина қызметкерлерінің Халықаралық мерекесі 

 

АИТВ жұқтырған адамдар өміріндегі дәрігердің рөлі

 

Медицина қызметкері өз қызметінде әртүрлі жағдайларға кездеседі, адамдармен қарым-қатынасы да әралуан. Дәрігердің  алдына келген науқасты ашылып сөйлете алуы, жұқтыру себептері, сондай-ақ оның жауаптары туралы қаншалықты білуі қарым-қатынас сапасына тікелей әсер етеді. Мұның бәрі маманның сезімталдығын қалыптастырады. Эмоционалды ақыл – толеранттылық деңгейінің маңызды критерийлерінің бірі, бұл өз кезегінде маманның кәсіби құзыреттілігін анықтайды. Сондықтан АИТВ жұқпасы бар науқастармен жұмыс жасау кезінде дәрігердің ақыл-ойы өте маңызды фактор болып табылады.  

АИТВ жұқпасы – бұл адамның мінез-құлқына байланысты туындайтын ауру. Эпидемиялық жағдайды өзгерту үшін адамдар ең алдымен аталмыш індетке қатысы зор қауіпті мінез-құлқын өзгертуі қажет. Ең алдымен, медицина қызметкерлері өздерінің мінез-құлқын өзгертуі тиіс. АИТВ-ның алдын алу сәтті болуы үшін үндемеу кедергісін жеңіп, күнделікті жұмыста АИТВ мәселелері бойынша кеңестер беріп отыру қажет. Медициналық көмектің негізі – пациент пен емдеуші арасындағы сенім. Сондықтан мамандандырылған медициналық көмек бағдарламалары аясында пациенттерді тартуға және ұстап қалуға көмектесетін психологиялық тұрғыдан қолайлы орта құру өте маңызды. Сенімді атмосфера пациент пен дәрігер арасында шынайы және тұрақты қарым-қатынасты қалыптастырады, пациент АИТВ-жұқпасына қатысты мінез-құлқының сипаттамаларын талқылауға ашық болады.

АИТВ-ға байланысты медициналық көмекке жүгінетін адамдар үлкен психологиялық күйзеліске ұшырауы мүмкін және отбасы мен қоғам кінаратынан  қорқады.  Мұндай жағдайда пациенттің емдеуші дәрігермен байланысы ерекше маңызды. Медициналық мамандар пациенттің мінез-құлқына және жеке іс-әрекеттеріне баға бермейді, олар пациент туралы ақпаратты құпия сақтап, оны мұқият тыңдап, жігерлендіріп, сұрақтарына нақты жауап беріп, жан-жақты қолдау көрсетуі керек.

ЖИТС орталығына мен 2010 жылы эпидемиолог ретінде жұмысқа орналастым және еңбек жолымды психологиялық жағынан қиын контингент – жүкті әйелдерден бастадым. Алғашқы кеңесім әлі есімде. Алдымда әдемі, ештеңеден алаңсыз жүкті келіншек отыр. Бізді пациентті қабылдамас бұрын оның медициналық, психологиялық және әлеуметтік мәселелерін тұжырымдау үшін қолда бар ақпараттар арқылы жан-жақты зерттеп, психикалық жағдайын бағалап, қажеттіліктерін, мақсаттары мен құндылықтарын анықтауға үйреткен. Мен оның толық эпидемиологиялық тарихын жинадым және күйеуімен бөлек сөйлестім. Жұқпаның берілу жолы мен көзін таптың. Алайда, пациеттерім кеткен соң мен еріксіз қатты жыладым, әріптестерім қасыма жиналып мені жұбата бастады. «Олар әлі жас қой, АИТВ жұқтырғаны әділетсіздік емес пе? Күйеуі байқамай қыдырып қойған шығар, ол үшін келіншегі неге азап тартуы тиіс? Балаларына өскенде не айтады?» - деген сұрақтар ойымды шымшылап, екі күн қатарынан мазасыз күй кештім. 

Сондықтан, осы салада жұмыс істейтін кез-келген медицина қызметкері өздерінің білімі, дағдылары мен мүмкіндіктерінің шегін түсінуі керек. Осыған байланысты оған қызмет көрсету деңгейін жақсарту, әріптестермен бірге тиімді кеңес беру, ұжымда жұмыс істеу, тәжірибе, білімі мен дағдысын толықтыру міндеті тұр. Сонымен қатар, АИТВ жұқтырған науқаспен жұмыс істейтін дәрігерлер жеке және кәсіби өсуіне үнемі назар аударуы керек. Әйтпесе, күйіп кетуің де ғажап емес.

Науқастар өздері жайлы ауыр жаңалықтарды көңіл-күй, көзқарастарына орай әртүрлі қабылдайды.  Әлбетте, дәрігер фактілерді өзгерте алмайды, бірақ ол пациенттің көзқарасын түзетіп, алдағы күннен үміттенуіне  көмектеседі. 

Ал науқастар дәрігерден шынайылық пен сезімталдық күтеді, өтірік айтпауды,  шындықты бүркемелеп, фактілерді жасырмауды сұрайды. Себебі үміттен айрылғысы келмейді. Ал өмірге деген үміт шынымен бар...

Бізге, ЖИТС орталығының мамандарына, науқастармен жылы қарым-қатынас орнатып, пікірлесе білу өнері ауадай қажет. Сондықтан, бұл бағытта қарқынды және жан-жақты жұмыс жүргізілуде. 

Айтпақшы, мен өзімнің алғашқы емделушім – әлгі жүкті келіншекпен 10 жылдан аса уақыттан бері сөйлесіп келемін. Оның қазір дені сау, алтын асықтай екі баласы бар. Ол бақытты және әр күніне шүкір айтып ғұмыр кешуде. Бақытыма орай, ұзақ уақыт бойы менімен байланыс орнатқан емделушім жалғыз ол емес.

 

Самал ҚОЖАЛЫМОВА,

 Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының маманы