АИТВ инфекциясының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жамбыл Жабаев атындағы Жамбыл кәсіптік колледжінде «Жастар – денсаулық пен АИТВ-сыз болашақ үшін!» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараны Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы мен Жамбыл аудандық ауруханасы бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің АИТВ инфекциясының жұғу жолдары, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, олардың алдын алу тәсілдері туралы білім деңгейін арттыру және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Семинарды Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу жұмыстары бөлімінің дәрігер эпидемиологы А. Ибраимова ашып, Алматы облысындағы эпидемиологиялық ахуал, жастар арасында АИТВ инфекциясының жаңа жағдайлары және инфекцияның одан әрі таралуының алдын алу шаралары жөнінде баяндама жасады.
Іс-шара барысында мамандар бірқатар өзекті тақырыптарды қозғады. Жамбыл аудандық ауруханасының жастар денсаулық орталығының валеологы К. Сатова «Дұрыс тамақтану» тақырыбында, дәрігер-нарколог Т. Кулумбетов – «Зиянды әдеттер» туралы, ал дәрігер акушер-гинеколог А. Жылысбек жастардың жыныстық сауаттылығы жөнінде баяндама жасады.
Семинар тыңдаушылары колледждің жоғары курс студенттері болды. Семинарда 265-тан аса студенттер қамтылды. Олар интерактивті форматта мамандармен АИТВ және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға АИТВ-ға анонимді және тегін жедел тестілеуден өту мүмкіндігі ұсынылды. Бұл тестілер қысқа мерзімде нәтижені анықтап, инфекцияны ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Дәрігер эпидемиолог А. Ибраимованың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың АИТВ және ЖЖБИ-дың (жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) жұғу жолдары мен алдын алу тәсілдері туралы білімін арттыруға, сондай-ақ өз денсаулығына деген жауапкершілікті көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.

