Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2025 жылдың 30 қазанында Алматы облысы Іле ауданының «Аяжан» жоғары медициналық колледжінде жасөспірімдер мен жастар арасында АИТВ инфекциясының және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алуға бағытталған семинар-тренинг өтті. Іс-шара «Жастар – денсаулық пен АИТВ-сыз болашақ үшін!» ұранымен ұйымдастырылды.

Шараның ұйымдастырушылары – Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы мен Іле аудандық ауруханасы.

Іс-шараға колледждің барлық курсынан 100-ден астам студент қатысты. Негізгі мақсат – жастардың АИТВ және басқа да инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі білімін арттыру, сондай-ақ өз денсаулығына деген жеке жауапкершілікті қалыптастыру.

Қатысушылар алдында Алматы облыстық ЖИТС орталығының және аудандық ауруханалардың мамандары сөз сөйледі. Эпидемиолог А. Ибраимова АИТВ инфекциясының берілу жолдары мен оны алдын алу тәсілдері туралы баяндама жасады. Іле аудандық ауруханасының жастар денсаулығы орталығының валеологы Т. Сиқымбаева жастардың репродуктивті денсаулығы туралы әңгімеледі. Ал психолог Д. Нусупбаева «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында сөз сөйлеп, жастардың саналы таңдау жасау мен өмірлік ұстанымын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері А. Ибраимованың айтуынша, қоғамда әлі де АИТВ тек белгілі бір топтарға қатысты деген қате түсініктер кездеседі. Шын мәнінде, АИТВ кез келген адамға жұғуы мүмкін, сондықтан жасөспірімдер мен студенттер арасында ағартушылық жұмысты жүйелі жүргізу өте маңызды.

АИТВ-ның алдын алу – тек медициналық мекемелердің ғана емес, сонымен қатар білім беру жүйесінің, ата-аналардың және жастардың ортақ жауапкершілігі. Іле ауданында білім беру ұйымдары, медициналық қызметтер және жастар денсаулығы орталықтарының бірлескен жұмысы нәтижесінде жастардың хабардарлық деңгейі артып, өз денсаулығына қамқорлық жасау мәдениеті қалыптасуда.

Бүгінгі жастар – ертеңгі күннің тірегі.
АИТВ инфекциясынан ең сенімді қорғаныс – білім, ашықтық және өзара ынтымақтастық!