Он жыл ішінде менің өмірім түбегейлі өзгерді. Бір кездері бұл диагноз мені күйретіп тастайтындай көрінді, бірақ сол сәтте мен өмірге қайта жармасып, бәрін жаңадан бастадым.
Бірнеше жыл бұрын АИТВ-ға оң нәтижелі тест алған кезде абдырап қалдым. Оған дейін ретсіз өмір салтын ұстандым. Басымда сансыз сұрақ болды: АИТВ қайдан пайда болды, бұл инфекция деген не, қалай емделемін, әрі қарай не істеймін? Бүгін мен білемін: мен сияқты адамдардың бұл сұрақтарға жауап табуға уақыты бар, әрі көмектесуге дайын адамдар бар. Олар — дәрігерлер және дәл осындай диагнозбен өмір сүріп, тәжірибесімен бөлісетін жандар.
Диагноз қойылғаннан кейін өмірім «дейін» және «кейін» деп екіге бөлінді. Мен ашық, көпшіл, сырт келбеті тартымды ер адаммын, қыздармен танысу маған еш қиын болған жоқ. Қарым-қатынасымыз маңызды деңгейге жетуі мүмкін болған қыздарға мен АИТВ статусымды әрдайым ашық айтатынмын. Біреулері бірден кетіп қалатын — АИТВ-мен өмір сүретін адаммен бірге бола алмайтынын айтатын. Басқалары үнсіз жоғалып, қоңырауыма не хабарламама жауап бермейтін.
Бір дос қызым бар еді, ол мені сол күйімде қабылдады. Біз үйлендік. Бірақ некеден кейін кез келген ұрыс-керісте статусымды бетіме басумен болды. Бұл неке ұзаққа созылмады. Сол кезде мен өзіме тең адамды, мені түсінетін, маған тең дәрежеде серік бола алатын жанды табуым керек екенін түсіндім. Алматы облыстық ЖИТС орталығының мамандарының көмегімен АИТВ-мен өмір сүретін қызбен таныстым. Біз шаңырақ көтердік, үш жылдан астам уақыт бақытты отбасымыз, ұлымызды тәрбиелеп отырмыз. Ең қуаныштысы — баламыз дені сау.
Иә, менің өмірім өзгерді. Бірақ өмірдің өзі өзгеріс. АИТВ жоспарларды түзетуі мүмкін, бірақ ол арманды, махаббатты, бақытты отбасын, мансапты, баланы, достықты жоққа шығармайды. Мен статусымды жасырмаймын. Мені қабылдағандар — жанымда қалды. Мен абыройлы, толыққанды өмірге сенемін.
