Дүниежүзілік ЖИТС-мен күрес Кампаниясының аяқталуына орай, 2025 жылдың 10 желтоқсанында Алматы облысындағы №10228 әскери бөлімінде АИТВ инфекциясының алдын алу тақырыбында ақпараттық семинар өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – әскери қызметкерлер мен азаматтық мамандарға АИТВ туралы нақты әрі сенімді ақпарат беру, инфекцияның берілу жолдарын түсіндіру, қорғану әдістерін таныстыру және ерікті түрде тестілеудің маңыздылығын насихаттау болды.
Алматы облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог маманы Н. Қасымов қатысушыларға АИТВ-ның берілу жолдары, қауіп факторлары, алдын алу шаралары және антиретровирустық терапияның қазіргі мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ қоғамда жиі кездесетін стигма мен кемсітушілік мәселелері қозғалып, олардың медициналық көмекке кеш жүгінуге әсер ететіні түсіндірілді. Қатысушыларға АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға құрметпен және жанашырлықпен қараудың маңызы жеткізілді.
Семинар барысында тыңдаушылар денсаулықты қорғау, тұрмыста инфекцияның алдын алу және АИТВ-мен өмір сүретін әйелдерден дені сау бала дүниеге келуі мүмкіндігі туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Мамандардың айтуынша, жүкті әйелдің уақтылы дәрігер бақылауында болуы және алдын алу шараларын сақтауы баласына АИТВ берілу қаупін едәуір төмендетеді.
Іс-шара соңында қатысушыларға ақпараттық-білім беру материалдары таратылып, жеке кеңестер берілді және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға бағытталған ұсыныстар жасалды.
Мұндай семинарлар әскери бөлім қызметкерлерінің медициналық сауаттылығын арттыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және инфекциялық аурулардың алдын алуға елеулі үлес қосады.
Қамтылғандар саны: 70 адам, оның ішінде 50 әскери қызметші және 20 азаматтық қызметкер.

