2026 жылы АИТВ инфекциясының алдын алу жұмыстары білім беру ұйымдарынан бастау алды. Алғашқы іс-шаралардың бірі – оқушылардың өз денсаулығына саналы әрі жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру семинары болды.
2026 жылдың 21 қаңтарында Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының алдын алу жұмыстары бөлімінің эпидемиолог маманы Н. Қасымов Қарасай ауданы, Іргелі ауылында орналасқан «Nomad International School» мектебінің 8–11 сынып оқушыларына арналған АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша семинар өткізді. Іс-шараға барлығы 360 оқушы қатысты.
Семинар барысында оқушылардың АИТВ туралы білім деңгейін анықтау мақсатында сұрақтар қойылып, олардың жауаптарына сәйкес маман тарапынан толық әрі түсінікті ақпарат беріліп, тақырыптық бейнематериалдар көрсетілді. Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты әрі жан-жақты жауаптар алды.
Сонымен қатар, мектептің медицина қызметкері Г. Камзаева жыныстық жолмен берілетін басқа да инфекциялар туралы ақпарат беріп, олардың алдын алудың және медициналық көмекке уақытылы жүгінудің маңыздылығына тоқталды.
Мамандардың айтуынша, АИТВ және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу жұмыстары жасөспірімдер мен жастар арасында аса маңызды, себебі дәл осы кезеңде өмірлік құндылықтар, мінез-құлық үлгілері және өз денсаулығына деген көзқарас қалыптасады. Уақытылы ақпараттандыру жұқтыру қаупін төмендетуге, медициналық қызметтерге деген сенімді арттыруға және репродуктивтік әрі психикалық саулық мәселелеріне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.
Өткізілген кездесулер денсаулық сақтау жүйесі мен білім беру ұйымдары арасындағы әріптестікті нығайтып, жасөспірімдердің АИТВ және ЖЖБИ туралы хабардарлық деңгейін арттыруға, сондай-ақ жастармен денсаулық пен қауіпсіз мінез-құлық тақырыптарында тиімді қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Іс-шараға қатысушылар семинардың практикалық маңыздылығын атап өтіп, мектептер мен колледждерде профилактикалық бағдарламалар аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

