Алматы облысында жасөспірімдер арасында АИТВ инфекциясының алдын алу бағытында ақпараттық 3 күндік тсеминарлар ұйымдастырылды. Іс-шаралар Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінде» және Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында өтті.
Семинарларға колледж студенттері мен 8–11 сынып оқушылары қатысты. Кездесу барысында Алматы облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог маманы Н. Касымов АИТВ инфекциясының таралу жолдары, оның адам ағзасына әсері және алдын алу шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ жастар денсаулық орталығының мамандары, атап айтқанда психолог Н. Жанұзақова мен валеолог С. Сарсенова салауатты өмір салты бойынша баяндамалар жасады.
Мамандар жасөспірімдерге салауатты өмір салтын ұстану, жауапты мінез-құлық қалыптастыру және өз денсаулығына ұқыпты қараудың маңыздылығын түсіндірді. Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толық жауап алды.
Аталған іс-шаралар жастардың денсаулық туралы білімін арттыруға және АИТВ инфекциясының алдын алуға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Жалпы қамтылған жасөспірімдер саны – 345.
