2025 жылғы 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында республика бойынша Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні аясында айлық өткізілді.
2026 жылғы 26 наурызда Алматы облыстық фтизиопульмонология орталығында Алматы облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы мамандарының қатысуымен гибридті форматта дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Қазақстан Республикасындағы туберкулез және АИТВ бойынша эпидемиологиялық жағдай қарастырылды. Бұл мәселелер бойынша ЖИТС орталығының ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі С. Кожалимова баяндама жасады. Сонымен қатар, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар (АӨСА) арасында туберкулездің алдын алу мәселелері талқыланды. Қатысушыларға АИТВ/ТБ қосарланған инфекциясы бар пациенттерді жүргізуге қатысты негізгі нормативтік-құқықтық актілер таныстырылды.
ЖИТС орталығының дәрігер-фтизиатры Б. Керуенова АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасында туберкулездің алдын алу мәселелері бойынша баяндама жасады. Талқылау барысында медициналық ұйымдардың инфекционист дәрігерлері мен фтизиатрлары АӨСА арасында туберкулезді ерте анықтау және ТБ/АИТВ қосарланған инфекциясы бар пациенттерге антиретровирустық терапияны уақтылы тағайындау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Фтизиопульмонология орталығының мониторинг және бағалау бөлімінің басшысы Э. Базарбаева 2024 жылдың қорытындысы бойынша туберкулезге қарсы іс-шаралардың нәтижелерін таныстырды.
«АИТВ-инфекциясы туберкулездің белсенді түрінің дамуына әсер ететін ең маңызды қауіп факторларының бірі болып табылады. АИТВ-мен өмір сүретін адамдарда туберкулездің белсенді түрінің даму ықтималдығы АИТВ жоқ адамдарға қарағанда едәуір жоғары», — деп атап өтті Э. Базарбаева.
Іс-шара барысында ведомствоаралық өзара іс-қимыл пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Сонымен қатар, екі апта бойы СПИД орталығы мен фтизиопульмонология орталығы мамандарының облыс аудандарына бірлескен іссапарлары ұйымдастырылды. Іс-шаралардың мақсаты – туберкулез бен АИТВ-ны ерте анықтау, халықтың профилактика шаралары туралы хабардарлығын арттыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлерінің қырағылығын күшейту, сондай-ақ аурулардың алғашқы белгілері, медициналық көмекке уақтылы жүгінудің маңыздылығы және емдеудің тиімділігі туралы ақпарат беру.

