7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай «Мен таңдаған жол» тақырыбында Еңбекшіқазақ ауданы, Азат ауылындағы №1 Азат орта мектебінде 8–11 сынып оқушыларына арналған мазмұнды семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, АИТВ инфекциясының алдын алу және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Семинарға Еңбекшіқазақ көп бейінді орталық аудандық ауруханасының дәрігерлері мен Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары қатысып, оқушыларға маңызды ақпараттар ұсынды. Жалпы саны 135 оқушы қамтылды.
Кездесу барысында қатысушыларға АИТВ инфекциясының жұғу жолдары, алдын алу шаралары, тестілеудің маңыздылығы және дер кезінде ем қабылдаудың артықшылықтары туралы толыққанды мәлімет берілді. Сонымен қатар, АИТВ-мен өмір сүріп жатқан адамдардың өмірлік тәжірибелерінен мысалдар келтіріліп, қоғамдағы стигма мен кемсітушілік мәселелері де талқыланды.
Іс-шара интерактивті форматта өтті. Оқушылар сұрақ-жауап айдарына қатысып, топтық ойындар арқылы өз білімдерін бекітті. Денсаулық тақырыбында рөлдік қойылымдар көрсетіліп, шығармашылық нөмірлер – ән мен күй орындалды. Мұндай формат жастардың қызығушылығын арттырып, тақырыпты тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Семинар соңында оқушылар өз ойларымен бөлісіп, денсаулықтың адам өміріндегі басты құндылық екенін атап өтті. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жастардың саналы таңдау жасауына және болашақта дұрыс өмірлік бағыт ұстануына ықпал ететінін жеткізді.
Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарлануда.

