Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Талғар аудандық ішкі істер бөлімінің (ІІБ) қызметкерлері арасында адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясының алдын алу, жұғу жолдары және жеке қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттандыру мақсатында семинар өтті. Іс-шараға 46 қызметкер қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің АИТВ инфекциясы туралы білім деңгейін арттыру, инфекцияның алдын алу жолдарын түсіндіру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақыру. Семинар барысында мамандар АИТВ инфекциясының ерекшеліктері, оның адам ағзасының иммундық жүйесіне әсері, жұғу жолдары және инфекциядан сақтану шаралары туралы кеңінен ақпарат берді. АИТВ инфекциясы негізінен қорғалмаған жыныстық қатынас, қан арқылы және анадан балаға берілуі мүмкін екені түсіндірілді. Сонымен қатар АИТВ-ның күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас, қол алысу, құшақтасу, ортақ ыдыс пайдалану немесе бірге жұмыс істеу арқылы берілмейтіні туралы нақты түсініктер берілді. Қызметтік міндеттерін орындау барысында қанмен немесе биологиялық сұйықтықтармен байланыс болуы мүмкін жағдайларда жеке қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылды. 50 дана брошюра секілді ақпараттық-оқыту материалдары таратылғанымен қатар, қанмен жұмыс кезінде қорғаныш қолғаптарын пайдалану, ашық жарақаттарды қорғау және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігі айтылды. Іс-шара соңында қызметкерлер тарапынан қойылған 3 маңызды сұраққа мамандар толыққанды жауап берді. Салауатты өмір салтын ұстану мен сақтық шараларын білу – денсаулық кепілі!