14-15 қазан күндері Алматы облыстық ЖИТС орталығының дәрігерлері Райымбек аудандық білім басқармасымен бірлесе «Жастар арасында АИТВ- инфекциясының алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Аталған іс-шараға Райымбек ауданы мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және орта білім беретін мектептердің биология пәні мұғалімдері мен медбикелері қатысты. Дөңгелек үстелді Райымбек ауданының білім бөлімі маманы Г.Кеңесқызы кіріспе сөзбен ашып, басқосудың маңыздылығына тоқталды. Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу жұмыстары бөлімі меңгерушісі Л. Абдукаримова «Жастар арасындағы АИТВ инфекциясын алдын алу», орталық аурухананың акушер-гинекологы Б.Сейдахметова «Ерте жүктілік», З.Дурназарова «Нашақорлықтың алдын алу» тақырыбында сөз қозғап өскелен ұрпаққа денсаулыққа жастайынан көңіл бөлу керек екенін айтып өтті.
Сондай-ақ аталған күндері орталықтың эпидемиолог мамандары: Л. Абдукаримова, Т.Мырзагулова және Н.Касымов Райымбек ауданында орналасқан О.Жандосов, Т.Жанұзақов, Н.Өмірзақов, С.Тәшімбаев, Б.Соқпақбаев, А. Сарсенбаев атындағы орта мектеп оқушылары мен Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі студенттеріне АИТВ-инфекциясының алдын алу тақырыбында семинар жүргізіп оқу ақпараттық материалдары таратылды. Іс-шараға 41 мұғалім және 400 аса оқушы қамтылды.