2020 жылы мен сүйікті қызыммен шаңырақ көтердім. Үйленген соң жұмыс бабымен қаладағы тұрағымызды ауылға ауыстыруға шешім қабылдадық. Алғашқы кезде бәрі жақсы болды, жаңа ортаға үйренісіп кеттік. Бірақ біраз уақыттан кейін әйелім өзін жайсыз сезіне бастады — әлсіздік пен сырқат байқалды. Оның жағдайын түсінбедім, ең бастысы, қалай көмектесерімді білмедім. Ол денсаулығы туралы маған ештеңе айтпай, дәрігерлерге қаралуға да келіспеді.
2023 жылдың қаңтар айында бізге шұғыл түрде ауруханаға баруға тура келді, бірақ тым кеш болды — әйелім кенеттен қайтыс болды. Сүйіктімнің қайтыс болғанынан кейін ғана оның қанында АИТВ-инфекциясы бар екенін білдім. Инфекция ЖИТС сатысына өтіп кеткен, егер ол дер кезінде ЖИТС орталығына жүгінгенде, өмірін сақтап қалуға болатын еді.
Бүгін мен Алматы облыстық ЖИТС орталығының табалдырығын алғаш рет науқас ретінде аттадым — менде АИТВ-инфекция анықталды. Марқұм жарымды кінәламаймын: ол өз диагнозын айтуға батылдық таба алмады, мен оған еш ренжімеймін. Оның жарқын бейнесін, бірге өткізген сәттерімізді жадымда сақтағым келеді. Бірақ мен оның қателігін қайталамауым керек екенін түсінемін.
Барлық тексерулерден кейін маған антиретровирустық терапия тағайындалды, және менің жағдайым үмітсіз емес деп сенемін. Мен емделуге, өмірімді жалғастыруға және толыққанды өмір сүруге мүмкіндігім бар екеніне сенуге бел будым. Бұл мүмкіндікті жібермеуге тырысамын.
Мен үшін қасымда мамандардың, атап айтқанда Алматы облыстық ЖИТС орталығының медицина қызметкерлері мен психологының бар екені өте маңызды. Олар осы жолда менімен бірге жүріп, әр қадамды түсіндіріп, қиын сәттерде қолдау көрсетуге дайын. Олардың қамқорлығы мен назарларының арқасында болашақта өмірімнің мәнді де жарқын болатынына сенемін.
Жазған С. Кожалимова
