2025 жылдың маусым-шілде айларында Алматы облысының Қарасай және Іле аудандарында АИТВ инфекциясының алдын алу мақсатында 1100-ден астам адам профилактикалық шаралармен қамтылды.
Алматы облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері А.Ибраимова «Diamant» ЖШС, «Якар» ЖШС, «Алсад Казахстан» ЖШС, Боралдай құбыр зауыты, «Стелл» ЖШС, «MKS Cogis figs» ЖШС және «Промкомплект-Тупик №159» ЖШС секілді кәсіпорындарда оқыту сессияларын өткізіп, кеңес берді.
Кездесу барысында қызметкерлерге 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы Алматы облысы мен Қазақстан Республикасындағы АИТВ инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы, жұғу жолдары, алдын алу әдістері және инфекцияға қатысты мифтер туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ, аймақта тіркелген нақты жұқтыру жағдайларына ерекше назар аударылды.
Лекциядан бөлек, қатысушыларға АИТВ тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, QR-код арқылы анонимді сауалнама толтыру ұсынылды. Осы арқылы ұйымдастырушылар кері байланыс алып, тыңдаушылардың сұрақтарына ашық диалог форматында жауап берді.
Медициналық қызметкерлердің айтуынша, жұмыс берушілер мен ұжымдармен ашық түрде ақпарат алмасу АИТВ инфекциясы туралы хабардарлықты арттыруға және стигматизацияны азайтуға септігін тигізеді.
АИТВ-ның алдын алу бойынша кәсіпорындардағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.