Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған науқан аясында Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары еңбек ұжымдары мен әскери қызметшілер арасында дәрістер мен кездесу өткізуде. Кампания Алматы облысының ең шалғай аймақтарынан — Райымбек және Кеген аудандарынан басталды.

Қарашаның басында Алматы облысы, Райымбек ауданының Нарынқол ауылы мен оған жақын елді мекендерінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Дәрістер аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, №12 өрт сөндіру бөлімі, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бөлімшесі, пошта байланыс торабы, «АЖК Энергосбыт» акционерлік қоғамының филиалы, сондай-ақ «Qarasaz Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Нарынқол орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне арналды. Барлығы 270-тен астам қызметкер қамтылды.

Әскери бөлімдермен жұмысқа да айрықша назар аударылды: дәрістер Райымбек аудандық полиция басқармасында, №97617 әскери бөлімінде, сондай-ақ Нарынқол, Қостөбе, Сүмбе және Қызылшекара шекара заставаларында өтті. Жалпы саны 370-тен астам әскери қызметші алдын алу іс-шаралармен қамтылды.

Кеген ауданында орталық мамандары аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен, «АЖК» және «ЛТЦ» акционерлік қоғамдарының қызметкерлерімен, сондай-ақ Райымбек шекара басқармасы мен Мыңжылқы шекара бөлімшесінің әскери қызметшілерімен кездесті.

Сонымен қатар, Қарқара орта мектебінде семинарлар ұйымдастырылып, 69 оқушы мен 38 мұғалім дәріске қатысты.
Жалпы Кеген ауданында 300-ден астам адам қамтылды.

Кездесулер барысында мамандар АИТВ инфекциясының берілу жолдары, республика мен өңірдегі эпидемиологиялық жағдай, алдын алу шаралары және АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде толық ақпарат берді.
Қатысушылар стигма мен кемсіту тақырыптарына, сондай-ақ тегін және құпия тексеруден өту мүмкіндігіне ерекше қызығушылық танытты.
Барлық қатысушыларға ақпараттық-білім беру материалдары мен жеке қорғану құралдары таратылды.

«Жұмыс орнында АИТВ бойынша кез келген бағдарламаның маңызды элементтері — білім деңгейін үнемі арттыру, ақпарат тарату және ағарту. Тек ақпараттанған қауымдастық қана АИТВ-ның таралуының алдын алуда тиімді бола алады», — деп атап өтті Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу жұмыстары бөлімінің дәрігер эпидемиологы  А. Ибраимова.