1 қазан – бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да, Халықаралық қарттар күні ретінде атап өтіледі. Біздің елімізде қарт адамдардың лайықты әрі белсенді қартаюын қамтамасыз ету – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты болып табылады. Бұл күн қоғамға аға буынның маңыздылығын тағы бір еске салады.
Жасы үлкен адамдар әрқашан дәстүрді сақтаушы, жастарға өнеге көрсетуші және тәрбиеші ретінде қоғамда ерекше рөл атқарып келеді. Алматы облысында жыл сайын осы күнге орай онкүндік өткізіледі: түрлі фестивальдер, конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылып, қарт азаматтардың құқығы мен қоғамдағы орнына мән беріледі.
Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы акцияға белсенді қатысып, Іле аудандық орталық ауруханасында және Қарасай ауданындағы «ID Senim» медициналық орталығында «Ашық есік күнін» өткізді. Іс-шараға аға буын өкілдері шақырылды.
Орталықтың эпидемиолог дәрігерлері А. Султанова мен М. Мырзатаева өңірдегі АИТВ-ның эпидемиологиялық жағдайы туралы айтып, 50 жастан асқан адамдар арасында анықталу көрсеткіштеріне ерекше тоқталды. Психолог жеке кеңестер жүргізсе, әлеуметтік қызметкерлер қарттарға терапевт пен тар бейінді дәрігерлерге жазылуға көмектесті. Қатысушылардың қан қысымы мен қант деңгейі өлшеніп, экспресс-тест тапсыруға мүмкіндік берілді. Барлығы 285 тұрғын АИТВ-ға тексеруден өтті, сондай-ақ 98 ақпараттық парақша таратылды.
Эпидемиолог А. Султанованың айтуынша, соңғы жылдары АИТВ жұқтырғандар арасында 50–59 жас аралығындағылардың үлесі 4,2%-ға, ал 60 жастан асқандардың үлесі 2,7%-ға өскен. Дегенмен, антиретровирустық терапияны уақытында қабылдап, дәрігердің кеңестерін орындаған жағдайда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өмір сапасы АИТВ-теріс адамдардан кем түспейді.
«Қарттар күні – денсаулыққа көңіл бөліп, өз мәртебеңді білуге тамаша мүмкіндік. АИТВ-статусыңды білу – ұзақ әрі толыққанды өмір сүруге жасалған қадам», – деп атап өтті маман.

