Күн тәртібіндегі маңызды тақырып – донорлар мен реципиенттер арасында АИТВ-ның жаңа жағдайларын анықтау, сондай-ақ АИТВ-ның алдын алу жұмыстарының тиімділігін бірлесіп арттыру.
Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Д.Ибраимов облыстағы және еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. АИТВ-инфекциясының таралу жолдары мен парентеральды жұқтырудың алдын алу шараларына, донорды тексерудің ерекшеліктеріне, эпидемиологиялық анамнез жинауға, АИТВ жұқтырған адамдарға медициналық көмек көрсету дағдыларына кеңінен тоқталды. Алматы облысында қан құйылғанға дейін 2024 жылдың алты айында донорлар арасында АИТВ-ның 2 жағдайы, реципиенттер арасында 5 жағдайы анықталды. Сондай-ақ бірінші жартыжылдықтағы өзекті мәселелерге талдау жасалып, оларды шешу шаралары ұсынылды.
ЖИТС орталығының зертхана меңгерушісі А.Абуова аналитикалық кезеңге, ЖИТС қызметінің зертханаларында сынау үшін биоматериал жинау кезінде жіберілетін негізгі қателіктерге және АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша нормативтік құжаттарға тоқталды. Жабық вакуумдық жүйелерді қолдану арқылы перифериялық тамырдан қан алу алгоритмін, биоматериалды жеткізу мерзімдерін, қан үлгілерін сақтау, тасымалдауды егжей-тегжейлі сипаттады, сондай-ақ қателіктер критерийлерін нақты көрсетті.
Кездесу барысында біз медициналық мекемеде туындауы мүмкін төтенше жағдайларды және экспозициядан кейінгі алдын алу шараларын талқыланды.
Облыстық медициналық ұйымдардың дәрігерлері донордың қалай тексеріліп, донорлық процедураға жіберілетінін түсіндірді.
Жиын соңында мамандар бірлескен қызметті жетілдіру бойынша міндеттерді жүйелеп, басымдықтарды таңдап, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына арналған жоспарды белгіледі.