Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2025 жылдың шілде айында ШЖҚ «ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығы» КМК мамандары Қонаев қаласына қарасты Заречный кентінде орналасқан №57 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бірқатар алдын алу семинарлар өткізді.

Іс-шараның мақсаты – мекеме қызметкерлері, медициналық қызметкерлер және бас бостандығынан айырылған адамдар арасында АИТВ инфекциясының жұғу жолдары, оның алдын алу және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигматизацияны төмендету туралы ақпарат беру.

Семинарлар алдын алу жұмыстары бөлімінің мамандары – эпидемиолог дәрігерлер А. Ибраимова мен Н. Қасымовтың ұйымдастыруымен өтті. Шара барысында АИТВ туралы нақты және шынайы ақпарат таратуға, жалған түсініктерді жоюға және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға толерантты қарым-қатынас қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Семинардың негізгі тақырыптары – АИТВ-ның жұғу жолдары, оның ішінде жыныстық жол мен парентералдық жолға (әсіресе стерильді емес инъекциялық құралдарды қолдану кезінде) ерекше назар аударылды. Алдын алу шаралары ретінде қауіпсіз мінез-құлық, жеке қорғану құралдарын пайдалану, медициналық және инъекциялық құралдардың стерильдігін сақтау, уақытылы тестілеу мәселелері қозғалды. Антиретровирустық терапия (АРТ) – АИТВ-ны ерте анықтап, емдеуді уақтылы бастау, Қазақстанда тегін ем алу мүмкіндігі, препараттарды тұрақты қабылдау арқылы өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыру туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ, стигма мен кемсітушілік мәселесі, қоғамдағы теріс көзқарастың АИТВ жұқтырған адамдардың емге қолжетімділігі мен психологиялық жай-күйіне әсері талқыланды.

Семинар барысында қатысушылармен ашық диалогқа ерекше көңіл бөлінді. Эпидемиолог Н. Қасымов қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, кең тараған жаңсақ пікірлерді жоққа шығарып, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы нақты мәліметтер ұсынды.

Іс-шара тек мекеме қызметкерлері мен медициналық персоналды ғана емес, сонымен қатар бас бостандығынан айырылғандарды да қамтыды — барлығы 779 адам қатысты, 718 бас бостандығынан айырылғандар,  55  мекеме қызметкерлері және   6 медициналық қызметкерлер.

  • «Пенитенциарлық жүйе мекемелерінде осындай ақпараттық-ағартушылық іс-шараларды өткізу АИТВ инфекциясының таралу қаупін азайтуда маңызды рөл атқарады, сонымен қатар қызметкерлер мен сотталғандар арасында өз денсаулығына деген жауапты көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті эпидемиолог дәрігер А. Ибраимова.

 

Алдағы уақытта өңірдегі ҚАЖ мекемелерін қамту аумағын кеңейтіп, АИТВ туралы білім деңгейін арттыру және салауатты мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында тұрақты түрде алдын алу және оқыту шараларын жүргізу жоспарланып отыр.