Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш медициналық колледжінің студенттеріне арналған ақпараттық-түсіндіру семинарын өткізді. Іс-шараға 70-тен астам студент қатысып, олардың 43-і АИТВ-ға жедел тестілеуден өтті.
Іс-шараның мақсаты — студенттердің АИТВ инфекциясы мен жыныстық жолмен берілетін аурулар туралы білімін кеңейту, вирустардың берілу жолдары мен алдын алу шаралары жөнінде ақпарат беру, сондай-ақ жастарда қауіпсіз және жауапты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.
Семинар барысында студенттер тұрақты тексерілудің маңызы, репродуктивті денсаулықты қорғау және салауатты өмір салтын ұстану жөнінде өзекті ақпарат алды.
Жастар денсаулық орталығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің мамандары А. Сатова және С. Апиева «Жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу» және «Зиянды әдеттер» тақырыптарында интерактивті сабақтар өткізді, ал психолог А. Базарбекова «Аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында баяндама жасады.
Кездесу барысында ерікті және құпия жедел тестілеудің маңызына ерекше назар аударылды. Бұл тестілеу АИТВ-ны ерте кезеңде анықтап, дер кезінде емдеуді бастауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, АИТВ-ның алдын алу ақпараттан басталады және ашық диалог арқылы жүзеге асады.
«Жастар АИТВ қалай жұғатынын және өздерін қалай қорғауға болатынын білсе, олар денсаулық пайдасына саналы таңдау жасайды», — деді ұйымдастырушылар.
Іс-шара ашық және еркін форматта өтті. Студенттер белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарды қойды және осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұру қажеттігін атап өтті.
Осындай ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар Алматы облысының басқа да оқу орындарында жалғасатын болады.
Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы жастардың АИТВ жөніндегі ақпараттану деңгейін арттыру, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру және салауатты өмір салты идеяларын насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

