Алматы облысының ең шалғай аудандарының бірі – Кеген ауданы. 2025 жылғы 6 қарашада мұнда «Жасөспірімдер арасында АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы мен Кеген аудандық білім бөлімінің әдіскері Р.Өмірсейітова ұйымдастырды. Шараға Кеген аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері – акушер-гинеколог А.Қадирова, психолог С.Джаныбекова және нарколог А.Тұрлыбай қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысына жалпы білім беретін мектептердің директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, биология пәнінің мұғалімдері және мектеп мейірбикелері қатысты. Барлығы 45 педагог қамтылды.
Кездесу барысында мамандар жасөспірімдер арасында АИТВ инфекциясы мен ЖЖБИ-дің (жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) алдын алу мәселелерін, әлеуметтік факторлардың әсерін және отбасы мен мектептің жас ұрпақтың денсаулығына жауапкершілікті көзқарасын қалыптастырудағы рөлін талқылады.
«Бүгінде жасөспірімдермен денсаулық туралы ашық сөйлесу өте маңызды. Тек ақпараттанған адам ғана өзін де, өзгені де қорғай алады», — деді психолог-дәрігер С. Джаныбекова.
Сонымен қатар, жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі республикалық кампания аясында Кеген ауданының мектептерінде семинарлар өткізілді: С.Серкебаев атындағы гимназияда, Ө.Жанабаев атындағы орта мектепте, К.Нұрпейісұлы атындағы лицейде, сондай-ақ І.Жұмағұлов және Бөлексаз орта мектептерінде.
Ақпараттық-түсіндіру іс-шараларымен 8–11 сыныптардың 396 оқушысы қамтылды.
Мұндай кездесулер жасөспірімдердің ақпараттану деңгейін арттырып қана қоймай, педагогтар мен медицина қызметкерлерінің күшін біріктіре отырып, жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алуға, өз денсаулығына және қауіпсіз мінез-құлыққа саналы көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.

