Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

20 қазан күні Балқаш ауданына қарасты орта білім беру мекемелерінде және колледждерде жасөспірімдер арасында АИТВ инфекциясының алдын алу мақсатында «Дені саудың – жаны сау» тақырыбында семинарлар ұйымдастырылды. Акцияның ұраны – «Жастар – денсаулық пен АИТВ-сыз болашақ үшін!»

Іс-шараға жалпы 985 оқушы мен 75 студент қатысты. Семинар барысында қатысушыларға АИТВ-инфекциясының таралу жолдары, жұқтыру қаупін төмендету тәсілдері, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар және тестілеудің маңызы жөнінде толық ақпарат берілді.

Аталған шараның мақсаты – жастар арасында АИТВ және басқа да жұқпалы аурулар жөнінде нақты, сенімді және ашық түсінік қалыптастыру, денсаулыққа деген жеке жауапкершілікті арттыру.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл инфекцияның алдын алудағы ең тиімді құрал – білім мен ақпаратқа еркін қолжетімділік. Әсіресе, жастармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу аса маңызды, себебі жастар – қоғамның белсенді күші әрі болашақтың негізі.

«Кейде қоғамда «АИТВ тек белгілі бір әлеуметтік топтарға тән» деген қате пікірлер кездеседі. Бұл – ең қауіпті мифтердің бірі. Шын мәнінде, АИТВ кез келген адамға жұғуы мүмкін. Сондықтан жастардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруы, репродуктивті және психикалық денсаулыққа көңіл бөлуі өте маңызды» — деп атап өтті ЖИТС орталығының дәрігер эпидемиологы А. Ибраимова.

АИТВ-ның алдын алу – тек медициналық мекемелердің емес, білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналардың және жастардың өздерінің ортақ жауапкершілігі. Балқаш ауданында мемлекеттік құрылымдар мен жастар денсаулық орталықтарының бірлескен жұмысының нәтижесінде жастардың ақпараттану деңгейі артып, тестілеуге қатысу белсенділігі жоғарылап келеді.

Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тірегі. Олар білімге құштар, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ болуы тиіс.
АИТВ инфекциясына қарсы ең мықты қорғаныс – білім, ашықтық және ынтымақтастық!