2025 жылдың 4 қарашасында Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары Райымбек ауданында ауқымды алдын-алу шаралары күнін өткізді. Бар болғаны бір күннің ішінде бес ауылдың бес мектебі қамтылды.
Семинарлар Албан-Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназиясында, С. Әшімбаев, Н. Өмірзақов, К. Байшығанұлы және А. Құнанбаев атындағы орта мектептерінде өтті. 8–11 сынып оқушыларына Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу бөлімінің эпидемиолог-дәрігерлері А. Ибраимова мен Н. Қасымов дәріс оқыды.
Мамандар АИТВ-ның жұғу жолдары, сақтану шаралары және тестілеуден өтудің маңыздылығы туралы жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ қоғамдағы стигма мен кемсіту мәселелеріне, АИТВ-ға қатысты жалған түсініктер мен жаңсақ пікірлерді жоюға ерекше көңіл бөлінді. Оқушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті.
Семинар тақырыптары тек АИТВ мен ЖЖБИ (жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) алдын-алу шараларын ғана емес, сонымен қатар отбасын жоспарлау негіздерін, салауатты өмір салтын ұстануды және жеке жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруды қамтыды.
Іс-шараға жергілікті мамандар да атсалысты. Райымбек аудандық жастар денсаулық орталығының дәрігері С. Құққузова «Ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында семинар өткізсе, мектеп мейірбикесі Н. Көпбосынова жасөспірімдерге жеке бас гигиенасының және иммунитетті нығайтудың маңыздылығы туралы айтты.
Медициналық мамандар бала жастан бастап репродуктивті денсаулыққа мән берудің маңызын атап өтті — ол жеке бас гигиенасы мәдениетінен, өз денесіне жауапкершілікпен қараудан және айналадағы адамдардың денсаулығына құрметпен қараудан басталады.
Іс-шаралар Райымбек ауданының білім бөлімі қолдауымен өтті. Жалпы семинарларға 482 оқушы қатысты.
«Біздің негізгі мақсатымыз — жастарға АИТВ – бұл үкім емес, ал егер өзіңді қалай қорғау керектігін білсең, оның алдын алуға болатынын түсіндіру. Ақпарат — ең тиімді алдын алу құралы», — деп атап өтті Алматы облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог-дәрігері А. Ибраимова.

