Жамбыл ауданында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және АИТВ инфекциясының алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Бір бастама аясында колледж студенттері арасында спорттық жарыстар мен мектеп оқушыларына арналған ақпараттық-түсіндіру семинары өткізілді.
Ұзынағаш ауылында Жамбыл ауданына қарасты колледж студенттері арасында волейболдан жарыс өтті. Турнирге ұлдар мен қыздар командалары қатысып, өздерінің жоғары спорттық дайындығы мен командалық рухтарын көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасында Ұзынағаш медициналық колледжінің командасы жеңіске жетсе, қыздар арасында Ж. Жабаев атындағы кәсіптік колледждің командасы І орынды иеленді.
Аталған шараға Ұзынағаш медициналық колледжінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А. Оңлыбекқызы қатысты. Жалпы спорттық іс-шара 100 студентті қамтыды, оның ішінде тікелей ойынға 28 қатысушы қатысты.
Сол күні Жамбыл ауданында 8–11 сынып оқушылары арасында АИТВ инфекциясының алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру семинары өткізілді. Семинар Жамбыл орта мектебінің базасында екі кезеңмен ұйымдастырылды. Жалпы қамтылған оқушылар саны — 245.
Кездесу барысында мамандар жасөспірімдерге АИТВ-ның жұғу жолдары, алдын алу шаралары, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы туралы кеңінен айтып, инфекцияға қатысты кең таралған қате түсініктерді түсіндіріп өтті. Ашық пікір алмасу форматында өткен семинарда оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты әрі кәсіби жауаптар алды.
Өткізілген бұл шаралар Жамбыл ауданының жастарында денсаулыққа саналы көзқарас қалыптастыруға, АИТВ инфекциясының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосады.

