2026 жылғы 4 ақпанда Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу жұмыстары бөлімінің эпидемиолог маманы Н. Касымов Қарасай ауданы, Қаскелең қаласында орналасқан Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжі, С. Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжі және Еуразиялық көпсалалы колледжі студенттері мен оқытушыларына арналған АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша ақпараттық-танымдық семинар өткізді.
Семинардың негізгі мақсаты – жастар арасында АИТВ-инфекциясы туралы білім деңгейін арттыру, оның жұғу жолдары мен алдын алу шаралары жөнінде дұрыс әрі нақты ақпарат беру, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету.
Іс-шара барысында жыныстық жолмен берілетін инфекциялар тақырыбы да кеңінен қамтылды. Бұл бағытта Жамбыл көпбейінді орталық аудандық ауруханасы дәрігер-дерматовенерологы Т. Кузьмина баяндама жасап, аурулардың алдын алу, ерте анықтау және дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.
Семинар интерактивті форматта өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар толық әрі түсінікті жауап берді. Ашық пікір алмасу студенттердің тақырыпқа деген қызығушылығын арттырып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандырды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар жастар арасында қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алуға, сондай-ақ денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыруға зор ықпал етеді.

