Created: 30 Қараша 2022
211

Біздің мамандар баспасөз конференциясын өткізді

Бүгін, 29 қараша 2022 жылы, Алматы өңірлік  коммуникациялар орталығында Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары 1 желтоқсан - Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай журналистерге баспасөз конференциясын берді.

Орталық директорының орынбасары Гүлмира Жақанова аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндай келіп, 21 қарашадан бастап облыста жүріп жатқан онкүндік мақсатына, биылғы «Теңдік уақыты!» ұранының мәніне тоқталды:

-Биылғы жылдың 10 айында біздің есепке АИТВ жұқтырған жаңа 215 жағдай тіркелді. Жалпы облысымызда 3198 адам осы қауіпті індетпен ауырады. Оның 33,7 пайызы -ине арқылы есірткі тұтынушылар, 60,3 пайызы - жыныстық жолмен жұқтырғандар. Теңдік уақыты – бұл әрекет ету уақыты. Біз халықтың осал топтарына деген кемсітушілік пен стигманы біржолата жоюға күш салуымыз керек, - деді Гүлмира Аманқасқызы..

Емдеу-алдын алу бөлімінің жұқпалы аурулар дәрігері Сәниям Махмутова  АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алуға ерекше назар аударылып жатқанын алға тартты.  Ал Талдықорған бөлімшесі алдын алу бөлімінің меңгерушісі Марал Матембаева онкүндік ішінде ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға шолу жасады.  

Спикерлер журналистер сұрақтарына жауап берді.