Created: 17 Наурыз 2023
127

Педагогтармен дөңгелек үстел ұйымдастырылды

16 наурыз 2023 жылы Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу бөлімінің маманы Әйгерім Сұлтанова Талғар аудандық ауруханасының нарколог, гинеколог, валеолог дәрігерлерімен бірлесе «Жастар арасында АИТВ жұқпасының алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Қаладағы №32 мектептің мәжіліс залында өткен іс - шараға аудан мектептерінің директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, биология пәні мұғалімдері қатысты.

Басқосуды Талғар аудандық білім бөлімінің маманы Ү.Жусанбаева кіріспе сөзбен ашып, бүгінгі таңда АИТВ жұқпасы жастар арасында кең таралы бара жатқанын атап өтті.

Ауданның гинеколог дәрігері Л.Наурызбаева жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау мәселелерін ортаға салса, нарколог А.Сакибаева мен валеолог А.Ақылбекова жастар арасында зиянды әдеттердің белең алғанын, нашақорлықтың алдын алу мен электронды темекінің зиянын түсіндірді.

Қатысушылар эпидемиолог дәрігер А.Сұлтанованың баяндамасынан аймақтағы АИТВ жұқпасының соңғы эпидемиологиялық ахуалын, жұқпаның берілу жолдары мен алдын алу шаралары жайлы ақпараттанды. Сондай - ақ, маман стигма мен кемсітушілікке жол берілмейтінін, яғни АИТВ - жұқпасы анықталған балаларды мектепке қабылдаудан бас тартуға, мұғалімдерді жұмыстан шығаруға болмайтынын алға тартты.