Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2025 жылғы 5 желтоқсанда Талғар ауданы Еркін ауылындағы №26 орта мектепте 10–11 сынып оқушылары арасында волейболдан аудандық жарыс өтті. Бұл шара жасөспірімдерді спорттық бәсеке рухында біріктіріп қана қоймай, бұқаралық спортты дамыту, денсаулықты нығайту және жастардың салауатты өмір салтына деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігіне айналды.

Жарыс аясында Талғар аудандық спорт басқармасының қолдауымен жасөспірімдердің АИТВ мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) алдын алу жолдары туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған ақпараттық-профилактикалық акция ұйымдастырылды.

Іс-шараның бастамашысы әрі ұйымдастырушысы Талғар аудандық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы болды. Кездесу барысында орталық директоры С. Қазболатов пен «Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» ШЖҚ КМК эпидемиологы А. Сұлтанова оқушыларды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға, белсенді өмір салтын ұстануға және өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Жарыс оқушылар арасында командалық рухты дамытып қана қоймай, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ денсаулыққа қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Талғар аудандық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының құрмет грамоталарымен және ЖИТС орталығының естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Қатысушылар ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдіріп, мұндай бастамалар спортпен айналысуға ынталандырып, салауатты өмір салтын ұстануға жігер беретінін атап өтті. Осындай іс-шаралар өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуда және қоғамда спорттық құндылықтарды кеңінен насихаттауда маңызды рөл атқарады.