21 қазан күні Алматы облысы, Талғар қаласындағы Қонаев атындағы гуманитарлық колледжінде «Жастар – денсаулық пен АИТВ-сыз болашақ» тақырыбында ақпараттық-ағартушылық іс-шара өтті.
Кездесу Талғар аудандық жастар денсаулық орталығы мен Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.
Іс-шара барысында ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері А. Ибраимова АИТВ инфекциясының берілу жолдары, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, сондай-ақ алдын алу шаралары мен АИТВ жұқтыру қаупін төмендететін факторлар туралы баяндады. Сондай-ақ жастар арасында жауапты мінез-құлық пен салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Жастар денсаулық орталығының валеологы А. Ақылбекова «Салауатты өмір салты – өміріміздің негізі» тақырыбында сөз сөйлеп, акушер гинеколог дәрігер А. Несіпбаева «Ерте жүктілік» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шараға 2 және 3 курс студенттері қатысып, жалпы қамту 280 адамды құрады.
Мамандар жастардың денсаулығын сақтау үшін дене белсенділігі, дұрыс тамақтану және өз денсаулығына саналы көзқарас маңызды екенін атап өтті.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер үлкен қызығушылық танытты, өз ойларымен бөлісіп, мамандарға сұрақтар қойды. Іс-шара жастардың АИТВ инфекциясының алдын алу туралы білімін арттыруға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыруға мүмкіндік берді.

