Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Алматы облысының Талғар қаласындағы Абай атындағы №3 орта мектебінде 9–11 сынып оқушылары арасында аудандық волейбол жарысы өтті. Спортқа қызығушылығы жоғары оқушы қыздарды біріктірген бұл шара аудандық спорттық бастамалардың жарқын оқиғасына айналды.

Жарыс аясында Талғар аудандық спорт басқармасымен бірлесіп «Қиындықтардан тиімді өзгерістерге – АИТВ-ге қарсы күресте» атты ақпараттық Кампания ұйымдастырылды. Оның мақсаты — оқушылардың АИТВ инфекциясының алдын алу туралы білім деңгейін арттыру және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын түсіндіру.

Іс-шараға Талғар аудандық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының директоры С. Қазболатов пен ШЖҚ «ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығы» КМК эпидемиологы А. Сұлтанова қатысты. Мамандар қатысушыларға алдын алу шараларын түсіндіріп, дене белсенділігінің денсаулықты нығайтудағы рөліне тоқталды.

Жарыс сағат 10:00-де басталды. Ұйымдастыру жұмыстарын Талғар аудандық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы жүзеге асырды, ал жарысты тікелей өткізу орталықтың әдіскерлері — Н. Мұрзабаева мен С. Қабыловаға жүктелді. Турнирдің негізгі міндеттері — бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, волейболға қызығушылықты арттыру және командалық өзара әрекеттестікті нығайту.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге I, II және III дәрежелі дипломдар, сондай-ақ облыстық АИТВ/ЖИТС орталығының бағалы сыйлықтары табысталды.

Қатысушы қыздар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, мұндай шаралардың спорттық дағдыларды дамытуға, командалық рухты күшейтуге және жаңа жетістіктерге ынталандыратынын атап өтті.