Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2026 жылғы 27 ақпанда Еңбекшіқазақ ауданында АИТВ инфекциясының алдын алу мәселесіне арналған дөңгелек үстел және семинар ұйымдастырылды. Іс-шара алдын алу жұмыстары бөлімінің эпидемиолог маманы Н. Касымовтың бастамасымен және медицина мен білім беру саласының мамандарының бірлесуімен өтті.

Дөңгелек үстелге Еңбекшіқазақ ауданының орта білім беретін мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары, биология пәні мұғалімдері мен мектеп медбикелері қатысты. Сонымен қатар, Райымбек батыр атындағы орта мектептің 8–11 сынып оқушыларына арнайы семинар өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты — педагог қызметкерлер мен оқушыларға АИТВ инфекциясының таралу жолдары, алдын алу шаралары, салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы, сондай-ақ қоғамдағы стигма мен кемсітушіліктің алдын алу туралы жан-жақты ақпарат беру болды.

Дөңгелек үстел барысында медицина мамандары АИТВ инфекциясының қазіргі таңдағы өзектілігі, жұғу жолдары, қорғану тәсілдері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, білім беру ұйымдарында оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру жолдары талқыланды.

Мұндай іс-шаралар білім беру ортасында денсаулық мәдениетін қалыптастыруға, жасөспірімдер арасында қауіпсіз мінез-құлықты дамытуға және ақпараттандыру деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Қамтылғандар педагог қызметкерлер – 145 адам, семинарға қатысқан оқушылар – 277 оқушы.