Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

2026 жылғы 22–25 қыркүйек аралығында Балқаш ауданының жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері мен 8–11 сынып оқушылары, сондай-ақ Бақанас аграрлық колледжінің студенттері арасында «Жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу» тақырыбында ақпараттық-ағартушылық семинарлар өткізілді.

Семинарларды Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу жұмыстары бөлімінің эпидемиологтары жүргізді.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – жастар арасында АИТВ инфекциясы туралы дұрыс әрі ғылыми негізделген түсінік қалыптастыру, инфекцияның алдын алу жолдары жөніндегі білімді арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.

Семинар барысында қатысушыларға АИТВ инфекциясы туралы жалпы түсінік, оның берілу жолдары, жұқпаның алдын алу шаралары, қауіп факторлары, АИТВ мен ЖИТС ұғымдарының айырмашылығы, сондай-ақ АИТВ-ға тестілеудің маңыздылығы туралы ақпарат берілді.

Оқушылар мен студенттерге АИТВ инфекциясының тұрмыстық қарым-қатынас кезінде, қол алысу, құшақтасу, бірлесіп оқу немесе жұмыс істеу, ортақ ыдысты пайдалану арқылы берілмейтіні түсіндірілді. Сонымен қатар инфекцияның алдын алуда жауапты мінез-құлықтың, жеке қауіпсіздік шараларын сақтаудың және медициналық сауаттылықтың маңызы атап өтілді.

Мұғалімдерге жасөспірімдер арасында АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің ерекшеліктері, жастардың сұрақтарына дұрыс жауап беру және денсаулыққа қатысты сенімді ақпарат көздерін пайдалану жөнінде мәліметтер ұсынылды.

Семинарлар барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауаптар алды. Кездесулер интерактивті форматта өтіп, қатысушылардың белсенділігі байқалды.

Іс-шара соңында жастарға салауатты өмір салтын ұстану, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, медициналық-профилактикалық ақпаратты дұрыс пайдалану және АИТВ инфекциясының алдын алу шараларын сақтау қажеттілігі түсіндірілді.

Аталған семинарлар жастардың медициналық сауаттылығын арттыруға, АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша білімдерін толықтыруға және денсаулыққа жауапты көзқарас қалыптастыруға бағытталды.

Қамтылғандар: 1 662 оқушы және 133 мұғалім. Таратылған ақпараттық материалдар: АОҚ – 500 дана, плакаттар – 30 дана.