Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні

Жыл сайын 24 наурызда әлемде Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні атап өтіледі. 2026 жылы бұл күн
«ИӘ! Біз туберкулезді жеңе аламыз: міндеттенеміз, инвестиция саламыз, әрекет етеміз!» ұранымен өтуде.

Бұл күннің негізгі мақсаты – туберкулездің әлемдегі ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі екендігі туралы халықтың хабардарлығын арттыру, сондай-ақ оны жою бағытындағы шараларға назар аудару және оның адамдардың денсаулығына, әлеуметтік және экономикалық жағдайына тигізетін әсерін түсіндіру.

Туберкулез – микобактериялар (Кох таяқшалары) арқылы қоздырылатын жұқпалы ауру. Көбіне өкпені зақымдайды және жөтелу, сөйлесу, түшкіру кезінде ауа-тамшылары арқылы жұғады. Бұрын бұл ауру емделмейтін болып саналса, қазіргі таңда дер кезінде анықталып, дұрыс ем жүргізілген жағдайда толық жазылады.

Қазақстанда соңғы 10 жылда туберкулез бойынша оң динамика байқалады: сырқаттанушылық екі еседен астам төмендеді, ал өлім-жітім 4 есеге азайды. Дегенмен, туберкулез әлі де әлеуметтік маңызы бар ауру болып қала береді.

Туберкулезді емдеудің басты шарттары – дер кезінде медициналық көмекке жүгіну және емді толық, үзіліссіз қабылдау.

Аурудың алдын алу шаралары инфекцияның таралуын болдырмауға және сау адамдарды қорғауға бағытталған. Бұл ретте профилактикалық тексерулерден уақтылы өту, салауатты өмір салтын ұстану және халықтың ақпараттандырылуы маңызды рөл атқарады.

Туберкулезге қарсы күресте инвестицияның маңызы зор. Бұл мемлекеттік органдар, жеке сектор және халықаралық ұйымдар тарапынан қаржыландыруды, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына инвестиция салуды қамтиды. Қазақстанда бұл бағытта ЖИТС, туберкулез және безгекке қарсы күрес жөніндегі жаһандық қор елеулі қолдау көрсетіп келеді, алайда соңғы жылдары қаржыландыру көлемі азаюда.

Өңірде туберкулезбен ауыратын науқастарға амбулаториялық ем алу кезінде әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлескен кездесулер ұйымдастыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні аясында Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Жамбыл және Талғар аудандарында ашық есік күндері өтеді. Іс-шара барысында тұрғындар тегін тексеруден өтіп, ВИЧ-ке экспресс-тестілеуден өтуге және туберкулезді ерте анықтау мақсатында флюорографиялық тексеруден өтуге мүмкіндік алады.

Әрбір адам туберкулезбен күреске өз үлесін қоса алады. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, профилактикалық тексерулерден өту және алғашқы белгілер пайда болған жағдайда дәрігерге уақытылы жүгіну – аурудың алдын алудағы маңызды қадамдар.

Туберкулез неғұрлым ерте анықталса – соғұрлым ем тиімді болады.
Тек бірлескен күш-жігер арқылы туберкулездің таралуын тоқтата аламыз.