2026 жылдың наурыз айының басында Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу жұмыстары бөлімінің эпидемиолог маманы Н. Касымов және Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының жастар денсаулық қорғау орталығының дәрігері А. Нысанбаевамен бірлесе отырып, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Аймен орта мектебі» және Рахат ауылдық округінің №1 орта білім беру мекемелерінің 8–11 сынып оқушыларына арналған АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша ақпараттық-танымдық семинар өткізілді. Семинарға қатысқан оқушылардың жалпы саны – 188.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдерге АИТВ инфекциясы туралы ғылыми негізделген әрі дұрыс ақпарат беру, инфекцияның таралу жолдарын түсіндіру және оның алдын алу шаралары туралы білімдерін арттыру, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Семинар барысында мамандар оқушыларға АИТВ инфекциясының мәні, оның адам ағзасына әсері, жұғу жолдары және алдын алу шаралары туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, АИТВ инфекциясының күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас арқылы жұқпайтыны айтылып, қоғамда АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға түсіністікпен және құрметпен қарау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу барысында АИТВ инфекциясы туралы жалпы түсінік, таралу жолдары, инфекцияның алдын алу шаралары, жастар арасында салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы сияқты өзекті тақырыптар қамтылды.
Семинар интерактивті форматта ұйымдастырылып, оқушыларға тақырып бойынша ақпараттық-білім беру материалдары таратылды. Кездесу соңында сұрақ-жауап бөлімі өткізіліп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан толық әрі нақты жауаптар алды.
Осындай ақпараттық кездесулер жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыруға, қауіпті инфекциялар туралы дұрыс түсінік қалыптастыруға және олардың алдын алуға бағытталған маңызды профилактикалық жұмыстардың бірі болып табылады.

