Қарасай ауданында орналасқан «Якор» ЖШС қызметкерлері арасында АИТВ инфекциясының алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру семинары өткізілді.
Іс-шараны Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу жұмыстары бөлімінің эпидемиолог маманы Н. Қасымов жүргізді. Семинардың негізгі мақсаты – қызметкерлердің АИТВ инфекциясы туралы білімін арттыру, инфекцияның жұғу жолдары мен алдын алу шаралары жөнінде нақты ақпарат беру, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстануға және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға шақыру.
Семинар барысында маман АИТВ инфекциясының негізгі жұғу жолдары, қауіп факторлары, жеке сақтану шаралары және инфекцияның алдын алудың тиімді тәсілдері туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар АИТВ анықталған жағдайда медициналық көмекке дер кезінде жүгінудің, дәрігер ұсынымдарын сақтаудың және профилактикалық тексерулерден тұрақты өтудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Ақпараттық кездесуде АИТВ инфекциясының тұрмыстық қарым-қатынас, қол алысу, құшақтасу, ортақ ыдысты пайдалану немесе бір ұжымда бірге жұмыс істеу арқылы берілмейтіні түсіндірілді. Осы ретте АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты кемсітушілік пен стигматизацияға жол бермеу, қоғамда дұрыс әрі сенімді ақпарат қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан тиісті жауаптар мен профилактикалық кеңестер алды. Қызметкерлерге АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша ақпараттық-танымдық материалдар таратылды.
Іс-шараға 92 адам қамтылды.
Өткізілген ақпараттық семинар қызметкерлердің АИТВ инфекциясы жөніндегі сауаттылығын арттыруға, алдын алу шаралары туралы түсінігін кеңейтуге және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

