2026 жылдың 24–29 сәуір аралығында Жамбыл ауданына қарасты білім беру ұйымдарында ауқымды ақпараттық-ағартушылық шаралар ұйымдастырылып, 8–11 сынып оқушыларына арналған семинарлар легі өтті. Негізгі мақсат – жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын нығайту, сондай-ақ АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша білім деңгейін арттыру.
Іс-шараларды ШЖҚ «ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығы» КМК алдын алу жұмыстары бөлімінің эпидемиолог мамандары жүргізді. Мамандар жастармен ашық диалог форматында кездесіп, бүгінгі таңда өзекті болып отырған денсаулық мәселелерін жан-жақты талқылады.
Семинарларға аудандық медицина қызметкерлері де белсенді қатысты. Атап айтқанда, Жамбыл көпбейінді аудандық ауруханасының нарколог дәрігері Т. Кулумбетов жасөспірімдер арасында есірткінің таралу қаупі мен оның ағзаға тигізетін зияны туралы нақты деректер келтіріп, зиянды әдеттердің алдын алу қажеттігін атап өтті. Ал гинеколог дәрігер Р. Қадырова ерте жүктіліктің салдары мен оның әлеуметтік және медициналық тәуекелдері жөнінде кеңінен тоқталды. Жастар денсаулық орталығының маманы А. Сатова дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын түсіндіріп, салауатты өмір салтының негізгі қағидаларын таныстырды.
Кездесулер барысында оқушыларға репродуктивті денсаулықты сақтау мәдениеті, АИТВ инфекциясының берілу жолдары, оның алдын алу шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәселелері кеңінен қамтылды. Қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі кәсіби жауаптар алды.
Ауқымды шаралар нәтижесінде барлығы 3070 оқушы қамтылып, 78 педагог қатысты. Мамандардың айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары жасөспірімдер арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыруда және АИТВ инфекциясының алдын алуда маңызды рөл атқарады. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарлануда.

